Жаңалықтар

«Бәрін индусқа жаба бермеңдер, бұған 90% үкіметтің өзі кінәлі»: Қажыкен шахтадағы апат жайлы

Белгілі экономист, 2022 жылы президенттікке үміткер болған Мейрам Қажыкен Қазақстан әлі де АрселорМиттал Теміртау компаниясының акционері бизнесмен Лакшми Митталдан құтылған жоқ деп есептейді. Ulysmedia.kz тілшісінің сұрақтарына жауап берген ол апаттан кейін көп мәселеге назар аударылмай отырғанын айтады.ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАРДепутат Тұрлыхановтың бауыры әйелін соққыға жығып, істі болды

– Мейрам мырза, Костенко шахтасындағы жарылыстан кейін Үкімет асығыс «компания акционерлерімен кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталуға жақын» деген ақпарат таратты. Инвестор осылай оп-оңай кері шегіне сала ма?

– Инвестордан қалай аламыз? Заң жоқ қой. Активті ұлттандыру туралы Қазақстанда заң жоқ.

– Яғни алудың өзі үлкен мәселеге айналуы мүмкін бе?

– Иә. Ол дау әлі алда. Оны қай заңмен қайтару керек?

– Бірақ Үкімет алдын ала келісімшарт туралы айтып отыр ғой?

– Келісімшартты жасап, «жарайды» деп кете салады деп ойлайсыз ба? Митталдан бөлек 5-6 акционер бар. Олардың біреуі келіспесе не болады? Миттал «нақты қандай заң шеңберінде менен осы активті алғалы отырсыңдар, маған заңды көрсетіңдер» деуі мүмкін. Заң болмаса оны қалай қайтарады? Мәселе сонда.

– АрселорМиттал Теміртау компаниясы акциясының ірі бөлігі бәрібір Лакшми Митталдың меншігінде қалу ықтималдығы бар ма?

– Әрине. Ол «кетем» дейді, мәселен. Одан басқа үш-төрт акционер бар. Олар қарсы болады. «Қалсын, өйткені бұл біздің бизнесіміз, басқа біреу келсе, жұмысымыз жүрмей қалады» деуі мүмкін. Мен болжамды нұсқа ретінде айтып отырмын. Ондай тәуекел бар. Жекешелендіру жайлы заң бар, бірақ ұлттандыру туралы заңды көрген жоқпын. Бұл бір.

Екіншіден, АМТ-ны инвестордың алғанына 30 жылдай уақыт өтті ғой. Басында әйтем-бүйтем деп келісімге келді ол. Біз келісімді көрген жоқпыз. Миттал «болат құймасының өндірісін жылына 4 млн тоннаға дейін жеткізем» деді. «Сапалы болам шығарам, экспортқа шығарам» деп уәде еткенімен күні бүгінге дейін ол міндетін істеген жоқ. 25 жыл ішінде нашар инвестордың жұмысы салдарынан алынбай қалған пайда бар.

– Бюджетке жетпей қалған ақша ма?

– Ол Қазақстанға пайда әкелуге уәде берді ғой. Сол пайданы біз жоғалттық. Егер оның орнына басқа инвестор болып, уәдесін орындағанда, үлкен деңгейге көтеріліп, ол үлкен әрі мықты мекеме болар еді. Алынбай қалған пайда деген сол. Оны қалай есептейміз? Активті ұлттандыру туралы заң болуы керек. Ол заңда «егер инвестор өзіне алған міндетті орындамаса, ол өз есебінен шығынды өтеуі керек» деген бап болуы тиіс. Осы мәселені мен былтырдан бері айтып келе жатырмын. Былтыр мен президент сайлауына түстім. Қазақша да, орысша да айтқаным бар – АрселорМиттал Теміртау туралы сұрағандарға «бізде активті ұлттандыру туралы заң жоқ, осы бетімен қайтарсақ, тіпті басы бүтін, дұрыс қайтара алмайтынымызды да» айттым. Міне, бір жыл өтті. Қазір оны қайтарудың өзі оңай емес.

– Лакшми Миттал халықаралық соттарға, арбитражға жүгініп, Қазақстан Үкіметімен соттасуы да мүмкін бе?

– Әрине. Солай істейтініне сенімдімін. Бұл жерде үлкен кінә Үкіметте жатыр.

– Инвестордан міндеттемені талап етпеген бе?

– Бас келісім деген бар. Қазақстанның заңында бар. Оған үш тарап – Үкімет, кәсіподақтар мен кәсіпкерлер қол қояды. Олар бір жоба бойынша мәселен, «Үш жылда қатырамыз» деп, Бас келісімге қол қояды. Биыл сол құжаттың мерзімі өтіп барады. Ол орындалған жоқ.

Былтыр қарашада Мейрам Қажыкеннің АрселорМиттал Теміртау компаниясына барған сәтінен

– Кім тарапынан?

– Үкімет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бар. Республикалық деңгейдегі кәсіподақтар бар. Лакшми Миттал жағынан Кәсіпкерлер одағының қауымдастығы бар. «Жұмысшылардың құқығын қорғаймыз, осындай шара қабылдаймыз» деп үш жыл бұрын «керемет» құжатта «керемет» сөздер жазылған. Ол орындалған жоқ. Оның орындалмауының кінәсі Үкіметте жатыр. Конкретно Үкіметте!

– Келісімге қатысы бар адамдар әлі де, демек, Үкіметте жүр ғой?

– Әлі де жүр. Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Ұлттық байланыс орталығы деген бар. Оның да міндеттемесі – АрселорМиттал Теміртау сияқты ірі кәспіорындардағы жұмысшылардың құқығын қадағалау. Олар да түк бітірмеді. Яғни бірінші айтқан Бас келісім бойынша Үкіметтен бір кемшілік, Ұлттық байланыс орталығы тарапынан екінші рет кемшілік кеткен. Кінә жалғыз Митталда емес, бізде де бар.

– Үкімет пен инвестордың кінәсі 50-де 50 деп ойлайсыз ба?

– Үкіметтің кінәсі 90%! Сондықтан, Бас прокуратура осыны тексеруі керек. Неге жауапты адамдар ештеңе істеген жоқ?Былтыр 8 адам қаза тапты. Оның алдында да апаттар болды. Жыл сайын! 2020 жылы осындай тағы бір оқиға болған кезде біз 20 мың қол жинап, Үкіметке қағазды енгіздік. Адамдардың құқығы мүлде қорғалмайтынын айттық. Сол 20 мың қол жиналған сұрауға жауап келген жоқ. Міне! Мемлекет өзінің негізгі функционалдық міндеттемелеріне түкіре салды. Инвесторды тәртіпке салмаса, заңға тартпаса мұндай жайттар азаймайды.

Мен Германияда болдым. Лакшми Митталдың Германиядағы Айзенхюттенштадт деген қаласында АрселорМиттал Теміртау сияқты үлкен зауыт бар. Сол зауытқа бардым. Ол жақта Митталды құтыртпайды. Заң бар!

– Енді не істеу керек?

– Сайлауда жүрген кезімде «егер мен президент болсам, ең бірінші кезекте, жұмысты кәсіподақтан бастаушы едім» дегенім бар. «Әй, кәсіподақ басшылары, сіздерге қандай көмек керек? Қандай реформа керек?» деп сұрайтын едім.

– Біздегі кәсіподақтарда рас, күш те, құзірет те жоқ дейтіндер баршылық…

– Міне, содан бастау керек. Екінші күні кәсіпкерлер қауымдастығын, Атамекен ҰКП өкілдерін бәрін жинап алып, «сіздерге қалыпты жұмыс істейтіндей не жетіспейтінін» сұрар едім. «Атамекен» ҰКП — заңсыз ұйым. Үкімет алдында бизнестің құқығын қорғайтындай онда ешбір құқық жоқ. Заң жоқ. Үшіншіден, әлеуметтік әріптестікті дамыту керек. Міне, сол жоқ! Жұмысшылар өз құқығын өздері кәсіподақтар арқылы әлеуметтік әріптестік туралы заңға сүйене отырып қорғай білуі керек.

Мұның артында үлкен мәселелер тұр. «Индус кінәлі» деп жатыр. Ол өз пайдасын көрді де кетті, бітті. Кінәсі бар шығар, бірақ соған жол берген 90% өзіміз кінәліміз!

Еске салайық, 28 қазанға қараған түні «АрселорМиттал Теміртау» кенішінде жарылыс болды. Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болған, 206 кенші жер бетіне шықты, қалғандары жер астында қалып қойды. Қазақстан президенті Тоқаев «АрселорМиттал Теміртаумен» ынтымақтастықты тоқтатуды бұйырды. Қайғылы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сондай-ақ, үкіметтің «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала келісімге келгені және кәсіпорынды Қазақстанның пайдасына меншік құқығына беру жөніндегі мәміленің аяқталып жатқаны хабарланды.

Әлихан Смайылов Костенко шахтасындағы апаттың себептерін анықтау жөніндегі үкіметтік комиссияны басқарды. Қарағанды ​​облысына барып, марқұм кеншілердің туыстарымен кездескен Тоқаев 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Сонымен қатар, президент «АрселорМиттал Теміртау» біздің тарихымыздағы ең нашар компания екенін атап өтті.

Бүгін қаза болған соңғы кеншінің денесі табылды.

https://qaz.ulysmedia.kz/suhbat/10323-b-rin-induska-zhaba-bermender-osygan-zhetkizgen-ukimettin-90-ozi-kin-li-kazhyken-amt-dagy-apat-zhaily/
Show More

Related Articles

Close