ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДЕ ТЕРМИНДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ
Ақылбекова Гүлжан Кәрімқызы, ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты.
Өркениетті елдерде ұлт тілінің дамуына, ұлт терминологиясын реттеу, жетілдіру, терминологиялық жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестіру мәселелері айрықша маңызға ие. Германия, Франция, Ресей тәрізді елдерде терминологиялық комитеттер, комиссиялар мен қоғамдық институттар жұмысы дұрыс жолға қойылған. Терминологиялық жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестіру жөніндегі өз жұмыстарын мемлекеттік деңгейде ғана жүзеге асырып қоймай, сонымен қатар, терминологиялық жұмыстардың салалық, ғылыми-әдістемелік бағыттарын да айқындап отырады.
Ұлттық ерекшелікті сақтау ісіне ерекше мән беріледі. Қазіргі күні бұл елдерде дамыған тілдік заңнама және мемлекеттік институттар жүйесі жұмыс істейді және олар тіл нормаларын қалыптастыру, қалыптандыру және қорғауға жауапты. Франция және Канададағы тілдік саясат негізі іс жүзінде, осы елдердің мемлекеттілігі қалыптасқан кезден бастап-ақ іргетасы қаланып, бүгінгі күні дамыған тілдік заңнамасы бар, әрі француз тілі нормасын бекіту, қорғау және оның таралуына жауапты мемлекеттік институттар мен құрылымдардың тұтас бір жүйесі жұмыс істейді. Бұл елдер тілдік саясат шеңберінде 1) біртұтас мемлекеттік тілдік норманы бекіту және оны сақтау; 2) француз тілінің тазалығын сақтау тәрізді негізгі бағытты ұстанады. 1972 жылғы «Француз тілін байыту туралы» декрет бойынша жаңа ғылыми реалийлер үшін ағылшын тілді терминдердің орнына француз терминологиясын әзірлеуге бағытталған министрліктің терминологиялық комиссиялары құрылды. «Ресми газетте» («Journal officiel») бекітілген (қолдану үшін міндетті) және бекітуге ұсынылған сөздердің тізімі тұрақты түрде жарияланып отырады: software сөзінің орнына logiciel («бағдарламалық қамтамасыз ету») термині, hit-parade орнына – palmarès («хит-парад»), doping орнына – dopage («допинг»), engineering («құрылыс», «инженерия»), crédit-bail орнына leasing («лизинг»). Алайда белгілі бір қайшылықтар да бар: мәселен, егер француз нормасында management («менеджмент») және parking («стоянка») терминдері қолданылса, квебек нормасы бойынша олар gestion и parc de stationnement сөздеріне ауыстырылады. Квебек нормасының француз нормасына әсер ететін қызғылықты жағдайлар сирек те болса кездеседі. Мысалы, телескопқа қатысты courriel COURRIer және ÉLectronique – («электрондық почта») сөзі алдымен Квебекте пайда болып, mail ағылшын терминінің баламасы ретінде, кейіннен француз әдеби тіліне енді.
Ресейде терминтану мектебі практикалық қызметтің: лексикографиялық, терминологиялық қызмет, терминдер мен терминдік жүйені біріздендіру бағыттарын жан-жақты дамытуда.
ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДЕ ТЕРМИНДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ
Ақылбекова Гүлжан Кәрімқызы, ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты 2023-02-16 11:08:19 1354
Өркениетті елдерде ұлт тілінің дамуына, ұлт терминологиясын реттеу, жетілдіру, терминологиялық жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестіру мәселелері айрықша маңызға ие. Германия, Франция, Ресей тәрізді елдерде терминологиялық комитеттер, комиссиялар мен қоғамдық институттар жұмысы дұрыс жолға қойылған. Терминологиялық жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестіру жөніндегі өз жұмыстарын мемлекеттік деңгейде ғана жүзеге асырып қоймай, сонымен қатар, терминологиялық жұмыстардың салалық, ғылыми-әдістемелік бағыттарын да айқындап отырады.
Ұлттық ерекшелікті сақтау ісіне ерекше мән беріледі. Қазіргі күні бұл елдерде дамыған тілдік заңнама және мемлекеттік институттар жүйесі жұмыс істейді және олар тіл нормаларын қалыптастыру, қалыптандыру және қорғауға жауапты. Франция және Канададағы тілдік саясат негізі іс жүзінде, осы елдердің мемлекеттілігі қалыптасқан кезден бастап-ақ іргетасы қаланып, бүгінгі күні дамыған тілдік заңнамасы бар, әрі француз тілі нормасын бекіту, қорғау және оның таралуына жауапты мемлекеттік институттар мен құрылымдардың тұтас бір жүйесі жұмыс істейді. Бұл елдер тілдік саясат шеңберінде 1) біртұтас мемлекеттік тілдік норманы бекіту және оны сақтау; 2) француз тілінің тазалығын сақтау тәрізді негізгі бағытты ұстанады. 1972 жылғы «Француз тілін байыту туралы» декрет бойынша жаңа ғылыми реалийлер үшін ағылшын тілді терминдердің орнына француз терминологиясын әзірлеуге бағытталған министрліктің терминологиялық комиссиялары құрылды. «Ресми газетте» («Journal officiel») бекітілген (қолдану үшін міндетті) және бекітуге ұсынылған сөздердің тізімі тұрақты түрде жарияланып отырады: software сөзінің орнына logiciel («бағдарламалық қамтамасыз ету») термині, hit-parade орнына – palmarès («хит-парад»), doping орнына – dopage («допинг»), engineering («құрылыс», «инженерия»), crédit-bail орнына leasing («лизинг»). Алайда белгілі бір қайшылықтар да бар: мәселен, егер француз нормасында management («менеджмент») және parking («стоянка») терминдері қолданылса, квебек нормасы бойынша олар gestion и parc de stationnement сөздеріне ауыстырылады. Квебек нормасының француз нормасына әсер ететін қызғылықты жағдайлар сирек те болса кездеседі. Мысалы, телескопқа қатысты courriel COURRIer және ÉLectronique – («электрондық почта») сөзі алдымен Квебекте пайда болып, mail ағылшын терминінің баламасы ретінде, кейіннен француз әдеби тіліне енді.
Ресейде терминтану мектебі практикалық қызметтің: лексикографиялық, терминологиялық қызмет, терминдер мен терминдік жүйені біріздендіру бағыттарын жан-жақты дамытуда.
Ресейде терминологиялық қызметпен түрлі органдар айналысады. Мәскеуде терминологияны стандарттау мәселелеріне жауапты, сондай-ақ «Ғылыми-техникалық терминология» журналын шығаратын Стандарттау және сапа жөніндегі кешенді ақпарат ғылыми зерттеу институты (ВНИИКИ), нақты және техникалық ғылымдар саласы терминологиясын реттеу жөніндегі жұмыстарға басшылық жасайтын РҒА Ғылыми-техникалық терминология комитеті (КНТТ РАН), «Орыс тілі» баспасы және арнайы сөздіктер шығарумен айналысатын басқа да баспалар, медициналық терминдер қорын жасап, медициналық терминологиялық сөздіктер мен анықтамалықтар шығаратын «Медициналық энциклопедия» ғылыми-өндірістік бірлестігі, тағы да басқа қоғамдық ұйымдар жұмыс істейді. Терминологиялық деректер қорын жасау және терминологиялық сөздіктер шығару бойынша қомақты жұмыстар Санкт-Петербург университетінде, Омбы терминологиялық орталығында да жүргізіледі. Сол сияқты, Нижегород университеті «Термин және сөз» мәселесі бойынша ғылыми еңбектер жинағын жүйелі түрде шығарып тұрады. Бұған қоса, ғылыми-техникалық терминологияның әдіснамалық мәселелері жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін семинар, медициналық және т.б. терминология мәселелері жөніндегі семинарлар үздіксіз жұмыс істейді.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігінде де терминология мәселесі бойынша жетістіктер бар. Украинада Ғылым Академиясы жанындағы Ғылыми терминология комитеті тұрақты түрде жұмыс істеп келді, түрлі университеттерде осы саланың ірі мамандары еңбек етеді. Латвия Ғылым Академиясының Ғылыми терминологиялық комитеті латыш терминологиясын реттеу жұмыстарымен жүйелі түрде айналысып, терминдер жинақтарын латыш, неміс, ағылшын, орыс тілдерінде шығарумен тұрақты түрде айналысады.
Халықаралық ұйымдарға келсек, Вена қаласында орналасқан «Терминология жөнінде ақпарат халықаралық орталығын», Варшава қаласында орналасқан Neoterm‖ журналын шығаратын Терминологиялық неологизмдерді біріздендіру жөніндегі халықаралық ұйымды атауға болады.
Ал халықаралық терминологиялық стандарттарды әзірлеу Стандарттау жөніндегі халықаралық ұйым (ИСО), Халықаралық электртехникалық комиссияның міндетіне кіреді.
Қазақ ұлттық терминологиялық қорын қалыптастыру, жаңғырту және біріздендіру жұмыстарына әлемде қалыптасқан терминология саласының ғылыми және практикалық жетістіктері, тәжірибелері мен ғылыми алғышарттары негіз болады десек, еліміздегі терминологиялық жұмыстарды ғылыми тұрғыдан негіздеу, сондай-ақ ғылыми атауларды ұлт тілінде қалыптастыру мамандардың, жалпы қоғам алдына жаңа міндеттер жүктейді.
Ұлттық заңнама терминологиясында шешілмей жүрген бірқатар өзекті проблемалар бар. Оның біріншісі – нормативтік-құқықтық актілердегі атау сөздердің, терминдердің бірізділігі проблемасы. Нормативтік құқықтық актілер жобаларының орыс тілінде әзірленуі, жалпы алғанда заңнама тілінің, оның терминологиясының орыс тіліндегі нұсқаға байланып қалуы ұлттық заңнаманың тілі мен терминдеріндегі бірізділіктің сақталмауына себеп болып отыр. Бір-бірімен тығыз байланысты ұғым атауларын терминологиядағы жүйелілікті сақтамай аудару да термин қалыптастырудағы жиі кездесетін кемшіліктердің бірі. Мәселен, қолданыстағы заңнама тіліндегі «идентификациялау» – сәйкестендіру, бірдейлендіру мысалын келтіруге болады. «Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында: «бизнес-сәйкестендiру нөмiрi» (бизнес-идентификационный номер), «жеке сәйкестендiру нөмiрi» (индивидуальный идентификационный номер), «сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру» (формирование идентификационного номера), «сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi» (национальные реестры идентификационных номеров), құжаттарда сәйкестендiру нөмiрлерiн көрсеткен кезде: «ЖСН» (ИИН) – жеке сәйкестендiру нөмiрi үшiн; «БСН» (БИН) – бизнес-сәйкестендiру нөмiрi үшiн ресми қысқарту ретінде алынған. «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 22 мамырдағы N 406 қаулысымен бекітілген Сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру ережесі, Жеке және заңды тұлғалардың (филиалдар мен өкілдіктердің), сондай-ақ дара кәсіпкерлердің сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру және бұрын берілген құжаттарын қайта ресімдеу үшін өтініш жасау ережесі 2007 жылғы 13 тамыздан бастап қолданысқа енгізіліп, «жеке сәйкестендiру нөмiрi», «бизнес-сәйкестендiру нөмiрi» болып қолданылып жүр. Ал Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Мемлекеттiк терминология комиссиясы 2014 жылғы отырыстарында «идентификациялау» нұсқасын бекітсе, ал 2020 жылы «сәйкестендіру» нұсқасын бекітіп, осылайша қолданылып жүр.
Сол сияқты орыс тіліндегі сөз алды қосымшаларымен келетін сөздерді аудару кезінде де бірізділік сақталмай жатады. СО- префиксі зат есімдермен тіркесіп келіп, бір нәрсеге бірге қатысу немесе бір нәрсеге ортақ иелік ету мағыналарын береді (соавтор, соарендатор, собеседник, совладелец, соратник, сожитель, сокамерник, сокурсник, сопредседатель). Етістіктермен тіркесіп келіп, уәжделетін сөздегі әрекетті бірлесіп жасау немесе бірлесіп орындау мағынасы беретін (сонаследовать, сопереживать, сосуществовать, соучаствовать) сөзжасамдық бірлік [1; 389]. Ал атаулық тіркестестерде бірге, бір нәрсемен бірге, ортақ, бір мезгілде, қатар мәнін білдіретіндігі белгілі.
Қазақ тіліндегі аталған тілдік құралдың білдіретін мағынасы жайында терминтанушы-ғалым Ш.Құрманбайұлы: «со- терминдік элементімен келетін терминдер тізбегін, мысалы, совместитель – қоса атқарушы, совладелец – ортақ иеленуші, сопредседатель – тең төраға, содокладчик – қосымша баяндамашы, соаренда – қосарлас жалгерлік, соисполнитель – бірлесе орындаушы, соавтор – бірлескен автор, тете автор, телтуындыгер терминдері сөзімізге дәлел бола алады. Осы мысалдан орыс тіліндегі бір ғана со- сөз алды қосымшалы сөздердің тіліміздегі ортақ, тең, қосымша, қосарлас, бірлесе, бірлескен, тете, тел сияқты сөздермен беріліп жүргенін көруге болады. Ең дұрысы осы сөз алды қосымшалы терминдерді түрлі анықтауыштарды қосып шұбыртпай тілімізде біршама орныққан современник – замандас, сообщник – сыбайлас, содолжник – борыштас, соотечественник – отандас, соединение – қосылыс, сослуживец – қызметтес, сопредельный – шектес, іргелес немесе ортақ етіске зат есім тудыратын -лық/-лік (-дық/-дік, -тық/-тік) жұрнағы жалғану арқылы жасалған содружество – достастық, сообщество – қоғамдастық, соперничество – бәсекелестік сияқты сөзжасам үлгісімен жасалған сөздер тәрізді ықшам үлгілермен, бір-екі модельмен ғана жүйелеп берген жөн деп білеміз. Бұл терминдердің ықшамдылығы, тұлғаластығы, жүйелілігі және сөз тудыру мен қолдануға қолайлылығы сынды талаптарына жауап берген болар еді», – деген тұжырым жасайды [2; 105] .
Заңнама мәтіндерінде со- терминдік элементімен келетін терминдер тізбегінің қолданылуында екіұдайылық, бірізді болмау сияқты тәжірибе орын алғандығын төмендегі мысалдардан-ақ байқауға болады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылы туралы шартты ратификациялау туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 29 наурыздағы Заңында, Қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды жылыстату, анықтау, алып қою және тәркілеу туралы конвенцияны ратификациялау туралы Қазақстан Республикасының
2011 жылғы 2 мамырдағы Заңында: қатысу – участие, бірге қатысу – соучастие деп берілсе, ал Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы конвенциясын ратификациялау туралы Қазақстан Республикасының
2011 жылғы 10 қаңтардағы Заңында және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 шiлдедегі Кодексінде бірлесіп қатысу деп алынған.
2000 жылы шыққан 31 томдық сөздіктің «Юриспруденция – Заңтану» сөздігінің 322-бетінде «соучастие» деген сөз «қатысу» деп аударылған [3; 103]. Ал «қатысу» дегеніміз «участие». Сонда «участиенің» «соучастиеден» айырмашылығы болмағаны ма деген заңды сұрақ туады.
«Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартын ратификациялау туралы» 2012 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабында: «Шарт жасасу немесе біріктіру нәтижесінде барлық ортақ иеленушілер емес, біреуі немесе бірнешеуі өзгерген жағдайда, кез келген Уағдаласушы тарап өзгеруге қатысы жоқ кез келген ортақ иеленуші өзі қол қойған құжатта иеленушіні өзгертуге нақты келісім білдіруін талап ете алады.
Ал «Патент құқығы туралы шартты ратификациялау туралы» 2011 жылғы 2 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңында: «Уағдаласушы тарап, егер лицензия еркін жасалған келісімнің нәтижесі болып табылса, осы келісімнің қатысушысы болып табылмайтын кез келген өтінім беруші, иеленуші, айрықша лицензияның лицензиаты, тең өтінім беруші, тең иеленуші немесе айрықша лицензияның тең лицензиаты ведомствоға ұсынылған хабарламаға осы келісім туралы жазбаны енгізуге келісім беруін талап ете алады. Бұл тәжірибеден орыс тіліндегі «созаявитель», «совладелец», «солицензиат» сөздерінің дәл аударылып, ұтымды қолданылғанын көреміз.
Заңнама терминологиясы мәселелерін шешу термин құрылымы мен құрамы, заңнама терминологиясын қалыптастыру негіздері, семантикалық баламалылық, жүйелілік, тілдік жағынан дұрыстығы тәрізді мәселелер кешенді зерттеуді талап етеді. Ал қазіргі тәжірибеде құқық салаларының ұғымдық аппаратының тұтас құрылымын құрудың орнына қандай да бір нормативтік актіде тіркелетін жекелеген элементтерін қарастырудан әрі шыға алмай отыр. Сонымен қатар заң жобаларын әзірлеуге түрлі ведомстволардың қатысуы салалық және салаларалық нормативтік актілердегі терминологиялық лексиканың бірізділігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мәселесін қиындата түседі. Заң ұғымдары заңгерлер арасында қалыптасатындықтан, олар қашанда кәсіби құқық тілінің нысаны болып қала бермек. Алайда терминдердің табиғи тілдік құралдар арқылы жасалатындығын ескерсек, бұл лингвистердің де заңды еншісі болып табылады. Заң терминдерінің мұндай объективті мән-маңызын ескере отырып, жеке-жеке бөліп қарастыру тәжірибесінен гөрі, заңнама терминологиясының айқын да реттелген құрылымын жасау үшін заңгерлер мен лингвистердің алға қойылған міндеттерді бірлесе отырып, кешенді түрде зерттеу жұмыстарын жүргізгенде ғана нақты нәтижелерге қол жеткізуге болады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. А. И. Кузнецова и Т. Ф. Ефремова Словарь морфем русского языка. – М.: Русский язык, 1986.
2. Ш. Құрманбайұлы. Терминтану (оқу құралы) Астана, 2009. – 160 б.
3. «Юриспруденция – Заңтану» 31 томдық сөздік. Астана, 2000. – 438 б.
Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы https://adilet.zan.kz/kaz/docs/.
«Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы
12 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 22 мамырдағы N 406 қаулысымен бекітілген Сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру ережесі https://adilet.zan.kz/kaz/docs/.
Жеке және заңды тұлғалардың (филиалдар мен өкілдіктердің), сондай-ақ дара кәсіпкерлердің сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру және бұрын берілген құжаттарын қайта ресімдеу үшін өтініш жасау ережесі https://adilet.zan.kz/kaz/docs/.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылы туралы шартты ратификациялау туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 29 наурыздағы Заңы / https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1100000422
Қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды жылыстату, анықтау, алып қою және тәркілеу туралы конвенцияны ратификациялау туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 2 мамырдағы Заңы / https://adilet.zan.kz/kaz/search/docs/ddt=2011-05-02&fulltext
Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы конвенциясын ратификациялау туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 10 қаңтардағы Заңы / https://adilet.zan.kz/kaz/search/docs/ddt
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 шiлдедегі Кодексі / https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1400000226
Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартын ратификациялау туралы» 2012 жылғы
8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңы / https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1200000010
Патент құқығы туралы шартты ратификациялау туралы 2011 жылғы 2 мамырдағы Қазақстан Республика-сының Заңы / https://adilet.zan.kz/kaz/docs/