НовостиСоциальное партнерство

Кәсіподақтар федерациясының келесі төрағасы кім?

Қазақстан Республикасының

Президенті

Қ.К. Тоқаевқа

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін жүзеге асыра отырып, сіз демократия еркіндігі мен заңдылық қағидаттарына адалдықты көрсетіп келесіз. Сіз азаматтық қоғам институттарын нығайту бойынша үлкен жұмыс атқардыңыз, оның ішінде кәсіподақтар маңызды орын алады. Кәсіподақтар әлеуметтік әріптестік жүйесінің тарабы бола отырып, қоғамдық келісімнің сақталуына, ел экономикасының үдемелі дамуына, әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастары саласында заңдылықтың сақталуына ықпал етеді.

Сізге, мәлім болғандай Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының рейтингісінде (171 елдің 176 миллион мүшесін біріктіретін ірі әлемдік кәсіподақ бірлестігі) Қазақстан «құқықтардың кепілдіктері жоқ» деген белгісі бар «5» рейтингке ие болып, 2019 жылғы еңбекшілердің құқықтарының қорғалуында ең нашар елдердің ондығына енгені белгілі. Бұл рейтинг адам құқықтарының жаһандық индексі негізінде қалыптасады.

Қазақстан 2019 жылы 9-21 маусым аралағында Женевада өткен 108-ші Халықаралық еңбек конференциясының нормаларын қолдану жөніндегі комитет есебінің арнайы параграфына енгізілді. Мұндай шешімді еңбек құқықтары мен кәсіподақтардың құқықтарын іске асыруда елде ілгерілеушіліктің болмауына байланысты Халықаралық еңбек ұйымы қабылдады.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан кәсіподақтарының жағдайына теріс әсер еткен себептердің бірі – мемлекеттік билік органдары кәсіподақтардың құқықтарына араласуы, олардың арасында Халықаралық еңбек ұйымының № 87 «Қауымдастықтардың бостандығы және құқығын қорғау туралы» Конвенциясының ережелерін, сондай-ақ «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының кәсіптік одақтардың қызметіне араласуға және кедергі жасауға тыйым салу бөлігіндегі нормаларын бұзу болып табылады. Мемлекеттік билік органдарының тікелей қолдауымен соңғы бірнеше жылда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары федерациясының басшылығына кәсіподақ жұмысынан тәжірибесі және кәсіподақ мүшелерінен қолдауы жоқ бұрынғы мемлекеттік қызметшілердің келуінің себебінен, қазіргі уақытта ҚР Кәсіподақтар Федерациясынан кәсіподақ мүшелерінің мүшеліктен шығып кетуі жалғасуда, ірі кәсіподақ ұйымдары бөлшектелуде.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелігі 2018 жылғы 5 желтоқсанда тоқтатылды.

Бұл фактілердің барлығы біздің еліміздің имиджіне нұқсан келтіріп, оның халықаралық аренадағы беделін түсіреді. Қазақстанның одан әрі дамуы үшін қоғамдық-саяси институттарды реформалау өте өзекті және сөзсіз қажет. ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы  Е.Л. Тоғжанов ақпанның 12-і ҚР Премьер Министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Осыған орай Қазақстан Республикасы кәсіподақтары федерациясының жарғысына сәйкес жақын арада Федерацияның жаңа төрағасын сайлау жөнінде Бас Кеңес шақырылуы тиіс.

Осыған байланысты, еліміздің 1,5 миллионға жуық еңбеккерлерін біріктіретін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының негізін қалаушы салалық кәсіподақтардың басқару органдары Сізге Үндеу жолдайды!

Қазақстан Республикасы Конституциясының кепілі ретінде, мемлекеттік органдардың Кәсіподақтар Федерациясының жарғылық қызметіне заңсыз араласуын түпкілікті тоқтатса, біз кәсіподақ көшбасшыларының арасынан лайықты үміткерді Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы қызметіне ұсынуға мүмкіндік аламыз! Салалық кәсіподақтар арасында ашық, бәсекеге қабілетті, әділ сайлау өткізу бастамасына Сіздің қолдауыңызды сұраймыз!

16 салалық Кәсіподақ басшылары қол қойған.


Редакциядан: ҚР Президентіне жолданған бұл хаттың авторы өз хатына қосымша ретінде мәселені түсіндіріп өтпекке тырысыпты. Мұнда ол елдің кәсіподақтарға деген сенімін қайта қалпына келтіру «аса маңызды шара» дейді де, Кәсіподақтар төрағасын сайлау ісіне мемлекеттік органдардың араласпауын сұрайды. Оның мәтіні төменде.


Кәсіподақтар федерациясының келесі «төрағасы» кім?

Қоғамдық өмірді тұрақтандыруда кәсіподақтар жұмысы ауадай қажет. Айталық, еңбек адамдарының заңды құқықтарын жан-жақты қорғауда, кәсіпорындарда еңбек дауларының алдын алып, шиеленіскен жағдайға дейін жеткізбей, көптеген әлеуметтік мәселелерді жергілікті жерлерде, еңбек ұжымдарында жедел шешіп беруге жол ашып беріп отырады.

Қазіргі уақытта қоғам, әлеуметтік әріптестік аясында келісім комиссияларының тетіктері дұрыс жұмыс істемей, кәсіподақтардың өкілеттілігі еңбекшілердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау үшін жеткіліксіз болып жатқан кезде ғана кәсіпорындардағы проблемалар туралы естіп біледі. Осы орайда салалық кәсіподақтар көшбасшыларының Президент Қ. К. Тоқаевтың атына жолдаған Хаты осыған дейін өз шешімін талап етіп отырған мәселені түбегейлі ашып беруі тиіс.

Бұл әлі көп сұрақтардың бірі ғана! Шын мәнінде, мемлекеттік органдардың кадрларын ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы лауазымына үнемі жіберіп (тағайындап) отыруының салдарынан Қазақстан Кәсіподақтарының халықаралық ұйымдар алдында беделі өте төмендеп кетті. Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының тұжырымдамасы «тәуелсіздіктен толықтай айырылу» деген пікірде. Оған хатта көптеген фактілер бар.

Кеңес дәуірінен бастап кәсіподақтарды басқарған Сиязбек Мұқашев қызметінен кеткен соң, кәсіподақтар Федерациясының басшылығына бұрынғы министр,  әкім, Әбілғазы Құсайынов, «жоғарыдан» жіберілген мәжілісмен және министрдің орынбасары Бақытжан Әбдірайым өз  кезектерімен келді. «Сайлауда»  оларды жоғары лауазымды шенеуніктер ұсынды және кәсіподақтар олармен тіл табысуға үміттеніп, сеніммен дауыс берді. Ә.Құсайыновтың тұсында жаңа Еңбек Кодексі мен Кәсіподақтар туралы заң әзірленді, кейін оның орнына келген Б.Әбдірайым салалық кәсіподақтардың үлкен сынына ұшырап Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге тырысқанымен, оң нәтиже шығара алмады. Бірақ заңға түзету енгізу — бұл Парламенттің міндеті.  Қолданыстағы Еңбек кодексі, Кәсіподақтар туралы Заң, қарапайым еңбек адамдарының емес, керісінше олигархиялық топтардың мүдделеріне қызмет көрсету үшін жасалғанын айта кету керек.

Нәтижесінде 2019 жылдың 16 қыркүйегінде ҚРКФ Бас кеңесінде  Б.Ж.Әбдірайымның отставкасы қабылданып, оның орнына Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Е.Л.Тоғжанов «сайланып», бес айдан кейін, ағымдағы жылдың 12 ақпанында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалды.

Жалпы сайлау мәселелеріне байланысты, Жарғыға сәйкес Бас Кеңестің отырысының алдында салалық кәсіподақ басшылары, кәсіподақ ұйымдарының сайланбалы органдары төраға лауазымына сайланатын үміткерлерді кәсіподақ мүшелерімен ортақ пікір алаңында талқыға салулары керек. Өйткені олардың артында ҚРКФ-ның екі миллионға тарта мүшесі тұр. Сондықтан, салалық кәсіподақтар өкілдері мен белсенділері Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевқа жүгініп, кәсіподақтар федерациясының төрағасын сайлауға мемлекеттік органдар тарапынан араласпаудың қажеттілігін жеткізді. Қалай болғанда да, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасын баламалы, ашық түрде сайлау арқылы анықтау қажет екені айдан анық!

Осымен қатар, Халықаралық Кәсіподақ ұйымдарының сенімін қайта қалпына келтіру өте маңызды. Кәсіподақтардың жұмысын ашық, демократиялық деңгейге жеткізу және еліміздің барлық салаларында ерен еңбек етіп жатқан қарапайым еңбеккелердің, кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін толықтай қорғау одан да маңызды.

Т. И. Ерденбеков, ҚР Қарулы күштері қызметкерлерінің Кәсіподақтар төрағасы.

Abai.kz

Показать больше

Статьи на близкие темы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Закрыть