ЖЕЗҚАЗҒАНДА Бүгін жергілікті атқарушы билік органдары, кәсіподақтар бірлестіктері, кәсіпкерлер қауымдастығы және қаланың жұмыс берушілері арасында 2021-2023 жылдарға арналған үшжақты келісім жасалды.
Бұл тараптардың атынан сәйкесінше Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров, «Кәсіп-Қорған» тау-кен металлургия кәсіпорындары және сабақтас өндірістер қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Ерболат Сатыбалдин, «Жезқазған өңірінің білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Марат Қоңырбаев, Жезқазған өңірінің кәсіпкерлері мен өнеркәсіпшілері қауымдастығы Жеке кәсіпкерлері және заңды тұлғалары президиумының төрағасы Думан Жаманов құжатқа қол қойды.
Бұдан бұрын, ағымдағы жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері мен кәсіподақтардың республикалық бірлестіктері арасында 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімге, сондай-ақ 7 сәуірде облыстық деңгейдегі келісімге қол қойылды.
Құжаттар экономиканы жақсарту және дамыту, халықты жұмыспен қамту, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, еңбеккерлерге лайықты жағдайлар мен еңбекақы төлеу мәселелерін қозғайды.
Қабылданған келісім жұмыс берушілер мен қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттыру бойынша ортақ жауапкершілігін күшейтуді, қызметкерлердің денсаулығын сақтауды және сауықтыруды, өркениетті әлеуметтік бағдарланған әріптестік қатынастарды құруды, тұрақты жұмысты, жалақыны, ертеңгі күнге деген сенімділікті және қоғамдық келісімді қамтамасыз етуді көздейді.