Жаңалықтар

Еңбек құқығын қорғау өзекті



БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде ақпанның 6-15 күндері БҰҰ-ның Әлеуметтік даму жөніндегі комиссиясының (CSocD61) 61-сессиясы өтеді. Онда COVID-19 пандемиясынан қалпына келтіруді жеделдету және тұрақты дамудың 2030 күн тәртібін толық іске асыру үшін теңсіздіктерді еңсеру тәсілі ретінде барлығына толық және өнімді жұмыспен қамтуды және лайықты жұмысты құру жайы қарастырылады.

163 елді біріктіретін Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы (ITUC) жыл сайын сәуірден наурызға дейінгі заңбұзушылықтарға талдау жасап, Еңбекшілер құқығын сақтаудың ғаламдық индексін жариялайды. Онда Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларындағы жұмысшылардың құқықтарын қаншалықты мойындап және олардың қорғалуын қаншалықты талап ететіні сарапталады. Бұл құқықтарға мәжбүрлі және балалар еңбегіне тыйым салу, сондай-ақ кәсіподақтар құру және ұжымдық келісімдер жасау құқығы кіреді. Индексте көрсеткіштеріне қарай 1-ден 5-ке дейінгі шкала бойынша елдердің рейтингі жасалады. Атап айтқанда 1 – кездейсоқ құқықтардың бұзылуы; 2 – құқықтарды қайталап бұзу; 3 – құқықтардың тұрақты түрде бұзылуы; 4 – құқықтардың жүйелі түрде бұзылуы; 5 – құқықтарға кепілдік жоқ; +5 – байланысты құқықтардың кепілдіктері жоқ дегенді білдіреді. Мәселен, 2020 жылы Қазақстан 144 мемлекеттің арасында құқықтарға кепілдік жоқ 32 мемлекеттің ішінде жұмысшылар үшін ең нашар он елдің (Бангладеш, Бразилия, Гондурас, Египет, Зимбабве, Үндістан, Қазақстан, Колумбия, Түркия және Филиппин) қатарында аталды. Былтырғы индексте ең нашар ондықта болмағанымызбен (Бангладеш, Беларусь, Бразилия, Колумбия, Египет, Эсватини, Гватемала, Мьянма, Филиппин, Түркия) құқықтарға кепілдік жоқ 44 елдің қатарында тағы да қалып қойдық. Ал еңбек құқықтары кездейсоқ бұзылатын Швеция, Норвегия, Финляндия, Дания, Исландия, Германия, Австрия, Италия, Ирландия деңгейіне жету әзірге арман боп қалатын сияқты.

Еңбекақы төлеуде түйткіл көп

Бас прокуратураның мәліметіне қарағанда, былтыр прокурорлар уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп 68 кәсіпорынның 4 мың қызметкердің алдындағы 1,5 млрд теңге сомадағы жалақы бойынша борыштарын өтеуін қамтамасыз етті. Ал оның 1,1 млрд теңгеден астамы алғашқы жартыжылдықта жүзеге асқан. Мысалы, «Тамыр» ЖШС компаниялар тобы 243 қызметкерге 60 млн теңге қарыз болған. Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының ұсынуы бойынша кәсіпорынмен қарыздар толығымен төленіп, ал жұмыс беруші ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапқа тартылған. Еңбек құқықтарының қорғалуында шетелдік жұмыс күшін тартатын субъектілердің де тура жолдан таятын кездері аз емес. Ондағы ең көп таралған заңбұзушылық – отандық және шетелдік мамандардың еңбегіне ақы төлеудің теңгерімсіздігі болып отыр. Бұл бағытта анықталған заңбұзушылықтар бойынша 66 ұсыныс енгізіліп, 228 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

72 млн теңгеге айыппұл салынып, әкімдіктермен 266 рұқсат қайтарып алынды және 150 шетелдік азамат елден шығарылған. Еңбек жағдай­ларының қауіпсіздігі мәселелерінде прокурорлардың актілері бойынша 30 мың жұмысшыға жалақыға үстемеақы белгіленді. 600-ден астам қызметкерге өтемақы төленіп, қорғау құралдарымен және арнайы тамақпен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету басталды. 22 бірлік жабдықтың жұмысы тоқтатылып, 226 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Осы арада «Ештен кеш жақсы» дегендей, былтыр жалақы бойынша берешекті жедел өндіріп алу үшін деректер алмасу жолға қойылғанын да айта кеткен жөн шығар. Сондай-ақ дебиторлармен жұмыс жүргізіліп, борышкерлердің мүлкін іздеу жүріп жатыр. Қазақстан еңбек құқығын қорғауда халықаралық конвенциялардың бәрін бірдей мақұлдап отырған жоқ. Еліміз қазіргі таңда іргелі 8, директивалық 4 конвенцияның ғана толық қатысушысы болып табылады. Ал техникалық 178 конвенцияның тек 12-сін ғана мақұлдап отыр. Атап айтқанда іргелі конвенцияларға: № 29 Мәжбүрлі немесе міндетті еңбек туралы конвенцияны бекіту туралы (1932); № 87 Қазақстан Республикасының Ассоциация бостандығы және ұйымдастыру құқығын қорғау жөніндегі (1948); № 98 Ұжымдық келіссөздерді ұйымдастыру және жүргізу құқығы принциптерін қолдану туралы (1949); № 100 Құндылығы бірдей еңбек үшін еркектер мен әйелдерге бірдей сыйақы беру туралы (1951); № 105 Мәжбүрлі еңбекті жою туралы туралы (1957): № 111 Еңбек және кәсіптер саласындағы кемсітушіліктер туралы (1958); № 138 Жұмысқа қабылдау үшін ең төменгі жас туралы (1973); № 182 Балалар еңбегiнің жаман түрлерiне тыйым салу және жою жөніндегi шұғыл шаралар туралы (1999) конвенциялар кіреді. Директивалық конвенцияларға: № 81 Өнеркәсіп пен саудадағы еңбек инспекциясы туралы (1947); № 122 Жұмыспен қамту саласындағы саясат туралы (1964); № 129 Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы туралы (1969); № 144 Үшжақты консультациялар (халықаралық еңбек нормалары) туралы (1976) кіреді. Ал Қазақстан қатысушысы болып табылатын техникалық конвенциялар ішінде: № 26 Ең төменгі жалақыны белгілеу рәсімін жасау туралы (1928); № 88 Жұмыспен қамту қызметін ұйымдастыру туралы конвенцияны бекіту туралы (1948); № 95 Жалақыны қорғау туралы (1949); № 135 Еңбекшілер өкілдері туралы (1971); № 148 Еңбекшiлердi жұмыс орындарындағы ауаның ластануы, шу мен тербелiс салдарынан болатын кәсiби қауiптерден қорғау туралы (1977): № 155 Еңбек қауiпсiздiгi мен гигиенасы және өндiрiстiк орта туралы (1981); № 156 Отбасылық міндеттермен еңбек ететін еңбекші ерлер мен әйелдерге арналған тең қарау және тең мүмкіндіктер туралы (1981); № 162 Асбесті пайдалану кезінде еңбекті қорғау туралы (1986); № 167 Құрылыстағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбек гигиенасы туралы (1988); № 183 Ананы қорғау туралы 1952 жылғы (қайта қаралған) конвенцияны қайта қарау туралы (2000); № 185, 1958 жылғы конвенцияны қайта қарайтын теңізшілердің жеке куәліктері туралы (2003); № 187 Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына жәрдемдесетін негіздер туралы (2006). 

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау кәсіподақ қызметінің басты бағыттары

2015 жылы қабылданған Еңбек кодексінің 203-бабына сәйкес: 1. Жұмыс берушінің және жұмыскерлердің не олардың өкілдерінің бастамасы бойынша 15 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес құрылады. Оның құрамына еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларды қоса алғанда, жұмыс берушінің өкілдері, жұмыскерлердің өкілдері тепе-теңдік негізде. 2. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің құрамы жұмыс берушінің және жұмыскерлер өкілдерінің бірлескен шешімімен бекітіледі. 3. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңесті 2 жылда 1 рет мерзімділікпен ротациялық негізде жұмыс берушінің және жұмыскерлер өкілдерінің арасынан кеңес мүшелері сайлайтын төраға басқарады. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің шешімдері жұмыс беруші және жұмыскерлер үшін міндетті. 4. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес жұмыс беруші мен жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу жөніндегі бірлескен іс-қимылдарын ұйымдастырады, сондай-ақ еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың жұмыс орындарында еңбек жағдайлары мен еңбектің қорғалуына тексерулер жүргізуін ұйымдастырады. 5. Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің шешімімен бекітіледі. Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ олардың бақылауды жүзеге асыру тәртібі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің шешімімен айқындалады. Мемлекет басшысы былтырғы қыркүйектегі жолдауында: «Еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру – халықтың әл-ауқатын арттырудың басты факторы. Мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізеді. Бұл әдіс оның мөлшерін біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік береді.Мен ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді» деген еді. Алайда елдегі инфляция табыс пен шығыстың арасындағы алшақтықты жоя алған жоқ. Сондықтан жыл бастала салысымен жер-жерде жұмысшылардың бейбіт наразылығы қайта жалғасып, өндіріс орындарындағы апатты жағдай жиілей бастады. Бұл кәсіподақ ұйымдарының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бағытындағы өз міндетін тағы да толық орындай алмай отырғанын көрсетті.

Сіз не дейсіз?

Айдос АБИХАНОВ, «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясының директоры:

– Қызметкерлердің еңбек құқықтарын бұзу фактілерінің барын жоққа шығаруға болмайды. Бұл ретте бақылау-қадағалау органдарынан басқа қызметкерлердің құқықтарын қорғау үшін әлеуметтік әріптестік сияқты механизм бар екенін атап өткен жөн. Бұл орталық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдардың өзара әрекеттесуі мен ынтымақтастығы. Қазақстанның әрбір өңірінде өңірлік үшжақты келісімдер және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиялар жұмыс істейді. Комиссиялар әлеуметтік-еңбек қатынастары тәуекелдерінің картасын мониторингтеу нәтижелері бойынша комиссияның қарауына еңбек құқықтарының бұзылуы (еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігі, жалақыны уақытылы төлеу және т.б.) туралы мәселелерді шығарып отырады. Комиссия отырыстарына жұмысшылардың еңбек құқықтарын бұзған жұмыс берушілер шақырылады. Бұзушылықтарды жоюдың себептері мен мүмкіндіктері анықталады. Оларды жою үшін уақыт тағайындалады. Қабылданған шаралар бойынша жұмыс берушілер комиссияны орындау нәтижелері туралы хабардар етеді. Құқық бұзушылықтар негізінен шағын бизнесте көп кездеседі. Олар әлеуметтік серіктестік жүйесіне аз қатысады. Оларда жұмысшылардың мүдделері мен құқықтарын ұйымдасқан түрде қорғайтын кәсіподақтар жоқ. Жұмысшылар бір жағынан шашыраңқы, екінші жағынан олар кәсіподақ құрудың немесе салалық кәсіподақтарға кірудің жолын білмейді. Қазіргі уақытта конфедерация еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік комиссиялар қызметінің тиімділігін арттыру үшін өңірлермен және кәсіподақтармен жүйелі өзара іс-қимыл жасап отыр. Биыл кәсіподақтармен бірлесіп әлеуметтік әріптестік мүмкіндіктерін танымал ету және осылайша әртүрлі бұзушылықтар санының азаюына ықпал ету үшін өңірлерге баруды жоспарлап отырмыз.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»



Show More

Related Articles

Close